Сәйкестік бойынша оқыту семинары Іскерлік этика кодексінің жаңа талаптары — AK SU KMG
Сәйкестік бойынша оқыту семинары Іскерлік этика кодексінің жаңа талаптары

«Ak Su KMG» ЖШС-де Іскерлік этика кодексінің

жаңа талаптарын сақтау мәселелері

бойынша оқыту-семинары өткізілді

 

«Ak Su KMG» ЖШС қызметкерлерінің Іскерлік этика кодексі мен оның жаңалықтары туралы білім деңгейін арттыру, сондай-ақ осы кодекс талаптарын жақсы түсіну мақсатында 2025 жылдың 13 наурызында «Ak Su KMG» ЖШС-нің конференц-залында оқыту-семинары өткізілді. Семинардың тақырыбы: «ҚазМұнайГаз»ҰК»АҚ Іскерлік этика кодексінің жаңа талаптары (жаңалықтары).

Семинардың негізгі мақсаты «ҚазМұнайГаз» ҰК «АҚ Іскерлік этика кодексіне (бұдан әрі — Кодекс) енгізілген жаңалықтар нормаларын түсіндіру болды.

Аталған іс-шараға «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Омбудсмені Е.М. Рахимбергенов және лауазымды тұлғалар, құрылымдық бөлімшелердің басшылары, сондай-ақ «Ak Su KMG» ЖШС қызметкерлері қатысты.

Е.М. Рахимбергенов Кодекстің жаңа редакциядағы негізгі талаптары, енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы айтып берді. Компанияның барлық лауазымдық деңгейдегі қызметкерлері басқару шешімдерін қабылдауда және өздерінің күнделікті қызметінде Кодексте көрсетілген құндылықтарды, қағидаттарды, қағидалар мен мінез-құлық нормаларын басшылыққа алуы тиіс екенін атап өтті. Кодекс негізінде қабылданған мінез-құлық қағидалары, корпоративтік этика стандарттары мен нормалары айқындалатын және қолдау көрсетілетін Компанияның корпоративтік құндылықтары мен этикалық қағидаттарын көрсетеді.

Құндылықтарға (команда, тиімділік, жауапкершілік және қауіпсіздік) және Қағидаттарға (этикалық мінез-құлық, кәсібилік, әділеттілік және меритократия, құрмет, экологиялық жауапкершілік, ашықтық, ЕҚ және ӨҚ сақтау, тұрақты даму, кемсітушілік пен қысымшылыққа тыйым салу) жеке тоқталып өтті.

Сондай-ақ, Компания қызметкерлері өздерінің күнделікті қызметінде мынадай мінез-құлық қағидаларын ұстануы тиіс екенін түсіндірді, яғни

-Әрбір адамның ар-намысын және қадір-қасиетін құрметтеу;

-Әріптестердің пікірін құрметтеп, жұмыс барысында туындаған мәселелерді теңдік, бірлік және серіктестік қағидаттарында талқылау;

-Іскерлік қатынастарда таныстыққа жол бермеу, қарым-қатынаста сыпайы және әдепті болу;

-Немқұрайлылық пен дөрекілікке төзбеушілік;

-Әріптестердің жеке және кәсіби қасиеттерін талқыламау;

-Жалпы қабылданған іскерлік киім стилін ұстану;

-Нашақорлық, алкогольді ішімдіктерді пайдаланбау немесе жұмыс орнында мас күйде болмау.

Сонымен қатар, Компания қызметкерлеріне Компанияның қызметін жақсарту үшін қызметтік мақсатта конструктивті сын айтуға тыйым салынбайтыны атап өтілді.

Бұдан басқа, Компанияның басшы қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін басқарудағы жауапкершілігі мен міндеттері туралы сөз қозғалды, сондай-ақ, Кодекстің және/немесе басқа да бұзушылықтардың орын алғаны туралы хабарлаған қызметкерге Компания тарапынан ешқандай қудалаудың болмайтыны туралы кепілдік берілді.

Іс-шара соңында қатысушылар шақырылған қонаққа сұрақтар қойып, пікір алмасты.

Нәтижесінде, «Ak Su KMG» ЖШС өз қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыруға және олардың жұмыс сапасын жақсартуға бағытталған іс-шараларды жүйелі түрде жүргізуді жалғастырады