Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар — ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 67-тармағын орындау мақсатында және Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 96-бабына сәйкес 2024 жылғы 10 сәуірде Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Құрық ауылында «Маңғыстау облысы, Тоқымақ жерінде, «Кендірлі» демалыс аймағы орналасқан жері бойынша қуаты тәулігіне 50 000 м3 болатын теңіз суын тұщыландыру зауытының құрылысы» жұмыс жобасы бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізілді.
Қоғамдық тыңдауларға Маңғыстау облысы Қарақия ауданы әкімдігінің өкілдері мен Құрық ауылының тұрғындары, Маңғыстау облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының өкілі, «Ak Su KMG» ЖШС басшылығы, «Caspian HES Consulting» ЖШС өкілдері қатысып, өз пікірлерін білдірді.
Қоғамдық тыңдауларда «Ak Su KMG» ЖШС Бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары О.Аяпов Жаңаөзен қаласында және оған іргелес елді мекендерде ауыз су тапшылығы проблемасын шешуге бағытталған жобаны іске асырудың маңыздылығын атап өтті.
Қарақия ауданы Құрық ауылы әкімдігінің өкілдері және қоғамдық тыңдауларға қатысқан жергілікті тұрғындар өз сенімдерін білдіріп, жобаны іске асыруды бірауыздан қолдады.